Бірінші – Құрылтайдағы депутат саны туралы.
Бұл мәселе Жұмыс тобы мүшелері арасында біраз пікірталас туғызды. Біздің түпкі мақсатымыз – кәсіби әрі тиімді Парламент құру. Осыны ескере келе, Жұмыс тобы Құрылтайда 145 депутат болуы керек деген тоқтамға келді.
Екінші – Құрылтайға депутат болудан үміткерлерге қойылатын талаптар туралы.
Осы мәселеге қатысты да түрлі пікір айтылды. Бұлай болуы заңды да. Кейбіреулер қазіргі талаптарды сол күйі қалдырайық, ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деген пікір айтты. Енді біреулер талаптарды барынша қатаңдату қажет деп санайды.
Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт.
Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Жұмыс тобы қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді.
Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін.
Үшінші – Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі туралы.
Жұмыс тобы толығымен пропорционалды тәсілге көшуді бірауыздан қолдады. Бұл – Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі Жолдауында көтерген бастама.
Сол кезде Президент: «Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен таралған парламенттік рәсім» деген болатын.
Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институционалдық рөлін арттыра түседі. Саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін де күшейтеді.
Төртінші – Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі туралы.
Мемлекет басшысы бұған қатысты ұстанымын Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысында айтты. Ол «Жаңа Парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр» деп нақты атап өтті. Жұмыс тобы да осы пайымға тоқтады. Бұл мерзім болашақ Құрылтай құрамын жаңартып отыру тұрғысынан тиімді, яғни сайлау науқандарының жиілігі жағынан алғанда қолайлы болмақ.