📌 2025 жылғы Үкімет қызметін қорытындылау аясында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Astana Hub алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, энергетика саласын дамыту мәселелерін талқылауда.

Есепті кезеңде Үкімет Мемлекет басшысының бастамасымен мұнай-газ секторын, жанар-жағармай материалдары нарығын және мұнай өңдеуді қамтитын ауқымды реформаларды жүзеге асыру ісін жалғастырды.

Мұнай-газ саласындағы жылдың басты оқиғасы Теңіз кен орнындағы болашақ кеңейту жобасының толық аяқталуы болды. Зауыттың үшінші буынын пайдалануға беру мұнай өндірудің жылына 12 млн тоннаға өсуін қамтамасыз етті, бұл экспорттық кірістің тұрақты көзін қалыптастырады және ұлттық экономиканың әлеуетін арттырады.

ЖЖМ ішкі нарығын реттеу саласында бағаны қолдан басқарудан нарықтық тетіктерге көшу жүзеге асырылды. Қабылданған шаралар нарықты тұрақтандыруға, оны отынмен қанықтыруға және тапшылық қаупін азайтуға мүмкіндік берді.

«2025 жылы қуаттылықты арттыру, өнім сапасын арттыру және ғылыми-технологиялық шешімдерді енгізу қағидаттарына негізделген мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді өндірістік бағдарлары бекітілді.

Нысаналы көрсеткіш жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және қуаты жылына 10 млн тоннаға дейін жететін жаңа МӨЗ жобасын жүзеге асыру есебінен мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн-нан 39 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді»,
— деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.